Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  355


Автор: Кәкімбек Салықов

БАЖАМ ҮЙГЕ КЕЛГЕНДЕ

(Тастай Рыскелдиевке)
Жасымнан көрдім қанша өлім...
Аз емес назым тергенге.
Барымды айтпай қайтемін
Балдызсыз бажам келгенде.
Қайрымсыз қатал қазадан
Мерт болды Жібек дегенде,
Айрылдық біз де мазадан,
Жетелеп көп ой тереңге.
Кеудемде қалмас шиыршық,
Кем емес қайғым өзіңнен.
Ақ маржан шықты бір ыршып
Азайған жасы көзімнен.
Жүрегі жылы, жаны нұр,
Балдыздың еді-ау жақсысы.
Шырайы шырақ дәрігүл
Неге өледі жас кісі?
Жарты жыл әлі өткен жоқ,
Жанардан жарқыл тоқтар ма?
Естелік бізде көптен-көп
Ескертпей айтар достарға.
Жоғалса жарың Жібектей,
Күн қайда жеңіл күрсінбек?
Орадым жырға жүдетпей,
Бейнесі тірі жүрсін деп.
Бір үйдің барлап іргесін,
Жас отау көшін бастап ек,
Шымкенттен келген шын досым,
Қайғыңның жартысын тастап кет.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу