file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  142


Автор: Кәкімбек Салықов

Алатаудың ақиығы

(Амангелді Ермегяевқа)
Биікте ақын болып самғасам да,
Әкім боп жердің бетін шарласам да,
Алдымда жайраң қағып қарсы алады
Өзіңдей жақсы інілер әрқашан да.
Бойыңа жарасып тұр ар биігі,
Екі көз қырағы екен әр қиығы.
Құмарттым бір көргеннен мінезіңе,
Самғауық Алатаудың ақиығы.
Айтыстың атасындай ағындадың,
Тапты ғой ұлы дәстүр бабын жаның.
Егемен елдің туын тік көтеріп,
Мәңгілік сөнбес оттай жалындадың.
Жігітсің жақсылыққа құмар жаның,
Бір емес, Сенің асыл мың арманың.
Әкелді туған елден үлкен алғыс
Қасымның қос кітабын шығарғаның.
Саялы болсаң елге біткен шынар,
Жемісің қаулап шықты күткен құмар.
Аруағы Абылай ханның қолдап сені,
Жарылғап батыр аунап түскен шығар.
Біреуі алдымызда ақ міндеттің –
Атағын асқақтату Тәттімбеттің.
Қасыңа мен де еріп ту ұстаймын,
Тасыған жырмен қосып ағынды екпін.
Осы ғой өміріңнің бұла шағы,
Әр ісің ұлан-ғайыр сыр ашады.
Дәстүрін туған елдің жалғап жүрсең,
Есімің ұлылармен ұласады.
Затыңа атағың сай, Амангелді,
Бақ құсы тура заулап саған келді.
Қашанда шарықтасын, жалықпасын
Қанатың жарылқаған тамам елді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу