file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  518


Автор: Кәкімбек Салықов

БАЯНАУЫЛДЫ КӨРГЕНДЕ

Ежелден есіміңе ғашық едім,
Баурады, Баянауыл, асыл лебің.
Қаныштың бұйра шашы секілденіп,
Бұрқырап жатыр орман, жасыл белің.
Ораған сал табиғат сыйға қалың,
Жаннат жер, келісті екен жинағаның.
Көз екеу болса-дағы, тілім біреу,
Көркіңді жеткізе алмай қиналамын.
Келгендей сұлулықтың базарына,
Тамсантты ару Ақбет ажары да.
Бой жазып тау ішінде жатқан қыздай,
Қызықтым Жасыбай көл ғажабына.
Лүпілі жүрегімнің басылмады,
Жер мен көк, су мен сәуле – жасыл бәрі.
Қол сілтеп тасқа шыққан сал қарағай
Қанышқа ұқсап кетті жасындағы.
Бүгінгі бостандықты ырымдаған,
Кешегі үн береді қыңыр заман.
Айырық – Керегетас айқындады
Балдырған бала Қаныш сырын маған.
Тамсанып қарай берем шың төсіне,
Бір сүйіп өтіп жатыр бұлт көші де.
Жас Қаныш тасқа жазған сөзін көрдім
Үңіліп әрбір үтір, нүктесіне.
Жан-жаққа таңырқасам күндіз көріп,
Бітіпті тау мен тасқа құндыз көрік.
Шаттандым айлы түнде кең аспанда
Жайнаған Қаныш атты жұлдыз көріп.
Торайғыр көлінен де жүзік тердім,
Айдында Сұлтанмахмұт жүзін көрдім.
Бір жылдай паналаған осы өңірді
Ақсұңқар Сәкен аға ізін көрдім.
Жасыбай батыр тұрса жол басында,
Мол сырға қайран көңіл толмасын ба?!
Мәрт мінез Олжабайдан алған екен
Дүниені дүр сілкінткен Олжасың да.
Баянтау, жастай ынтық өлкем едің,
Пай, пай, пай!
Неткен ғажап көркем едің!
Қаныштай бала күнгі асыр салып,
Келіп тұр баурайыңда еркелегім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу