Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  2263


Автор: Кәкімбек Салықов

ҚҰТТЫ БОЛСЫН ЖЕТПІС ЖАС!

(Зайролла Дүйсенбекұлына)
Құтты болсын, Зайролла,
Жеткенің биік белеске.
Орта жас деген қақ жолға
Ту тіккен күнің емес пе!
Заманда жүрміз сәні бір,
Иншалла, тағдыр қолдады.
Не десек те бәрібір,
Ақсақалдық берік орнады.
Сәтбаевтың сенсің інісі,
Есенберлиннің туған бажасы.
Ұрпақсың ұқсас жүрісі,
Ешкімнің болмас таласы.
Жадыңда жердің қалауы,
Далашыл, ұлтшыл жүрегің.
Тәуелсіздік жебеп жалауы,
Әділдік болды тірегің.
Жайқалып тұрған ел үшін
Бұтағы қалың терексің.
Тасқындай берсін мол күшің,
Халқыңа әлі керексің.
Көрінбес өңің жүдеу боп,
Аласармас шоқтығың.
Білдірмес ел-жұрт сүйеу боп
Гүлбаршынның жоқтығын.
Заяға уақыт өткізбес,
Әр күннің сәтін таңдайды ер.
Құтты болсын жетпіс бес!
Сұңқардай өрге самғай бер!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу