Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  781


Автор: Кәкімбек Салықов

АУЫЛ КЕШІ КӨҢІЛДІ

(Хайдолла Тілемісовке)
«Ауыл кеші көңілді» боп самғады,
Абай әнін Нұрғисалар жалғады.
Сол ән жинақ қазақ үшін басы ашық
Хайдоллаға ескерткіш боп қалғаны.
Жігіт екен жұпар кіндік, тұнба сыр,
Кең таратты сұлу сазды нұрлы, асыл.
Бек толқушы ем елден шалғай жүргенде,
Ауыл көшіп келердей-ақ жылма-жыл.
«Айдап салдым жылқымды ақ қауданға», –
Деп шырқаушы ек жетердей кең жалғанға.
«Жамбас сипар» еске түсіп кететін,
Құрбыларға еркелеп қол салғанда.
Ақан сері «Құлагері» арқырап,
Шәмші әні боп Сыр толқыды сарқырап.
«Жезкиік» те жүйткіп жүрді ел кезіп,
Сол жинақта жез қанаты жарқырап.
Ширек ғасыр басқарғанда «Қайнарды»,
Баспагердің төріне құт байланды.
Ауыл кеші тірлігі мен тынысы
Тағдырының талғамына айналды.
Жұлдызы ыстық дос-жаранға адал жан,
Мейірімді еді қолғабысы сан алуан.
Ол түскен жоқ әуресіне атақтың,
Тойымды еді Тобылдай тоқ жаралған.
Қылқаламнан тапты аңсаған тілегін,
Сұлу сазбен емдеп жүрді жүрегін.
Қазақ әні Қадір түнін молайтқан
«Қайнардағы» Хайдолла деп жүр едім.
Ауқымды еді құштар құсын кең ілген,
Қазанат қой, желіс бұзбай жегілген.
Отырғандай бүгінгі ауыл тебірентіп,
Тілге келмей жүріп кетті өмірден.
Үйлестірген жаңа менен ескіні,
Бірлестірген дарақы мен естіні.
Мығым жүрген жердің бетін нық басып
Есте қалды ойлы, маңғаз кескіні.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу