file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  225


Автор: Кәкімбек Салықов

ӘН КЕРЕК

Ән керек тату достай наз айтатын,
Әл беріп, бойда дертті азайтатын.
Қоштасып, құстар көктен қимай қарап,
Мезгілдей аққу бастап, қаз қайтатын.
Ән керек әлдиімен тербететін,
Көкіректен жан қинаған шер кететін.
Құлшынтып құмарыңды бір қандырып,
Тәуекел көкке құлаш сермететін.
Ән керек «бар» мен «жоқты» сұрыптайтын,
Ұлтыңның ұлағаттар ғұрып-салтын.
Гүл сезім көңіл төрін жаулап алып,
Бір сөзін көз жұмғанша ұмытпайтын.
Ән керек сұлу қыздай табындырған,
Сездірер дабылыңды сағым қырдан.
Алыстан ақ дидарын көз шалғанша,
Жан-тәнің ойран салып қағындырған.
Ән керек тілге тиек ілдіретін,
Сыбырлап ғашықтармен бір жүретін.
Алдында ақбоз үйдің асыр салып,
Жас бала қозы қуып күлдіретін.
Ән керек алқа топты дүрілдеткен,
Аламан мәресінен дүбір жеткен.
Оңаша қызды көріп көп қызықтың,
Есіңнен бірі кіріп, бірі кеткен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу