Өлеңдер ✍️
МАЙРА ІЛИЯСҚЫЗЫНА
Әншінің бәрі сұлу ақын үшін,
Сүйеді күміс көмей татымдысын.
Жырыма қанат байлап, әнге қосса,
Әлемде сол емес пе жақын кісім.
Тәтті әуез қалықтаса легімен,
Туған ел саған, Майра, тілегі кең.
Тетігін сиқырыңның ашық айтам:
Шырқайсың әнді толық жүрегіңмен.
Жан баурап тез лексең назарыма,
Құмартқан көзім емес ажарыңа.
Елтимін, тебіренемін, толқып кетем
Әсем ән бой балқытқан ғажабына.
Өр мінез ән дүлдүлін елемес кім,
Адамды тың сарынға бөлеп өстің.
Майрасың Ілиясқызы атың үстем,
Ешкімнен бұлбұл туған кем емессің.
Кереку Майра десе елестей ме,
Есімін алып ұшқан жел еспей ме?!
Аруағы ұлы әншінің жебеп жүрсін,
Шақырып жаңа заңғар белестерге.
Самғауға құмар келер ақын ағаң,
Ұнайды ұшқыр әуен заты маған.
«Алматы вальсіне» билеп кетем,
Құлпыртып сен шырқасаң сахнадан.
Өзендей Алатаудан сарқыраған,
Ұмытып егделікті қарқын алам.
Жұлдыздай жарқыраған көрінесің,
Тірі жан қалмас сонда шалқымаған,
Беу, халқым! Әнші деген – алтын адам!
Әншінің бәрі – менің тілектесім,
Жанданам жырым отты үн еккесін.
Майрасы Ілиястың, шарықтай бер,
Қыз түгіл, жігіттер де ілеспесін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter