file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  257


Автор: Кәкімбек Салықов

ДОМБЫРА СЫРЫ

Қазақтың сәні – домбыра
Думанды тойын ашатын.
Қазақтың жаны – домбыра
Мұңы мен шерін басатын.
Адамға дәру күмбірі,
Баураған кіші-үлкенді.
Бойдағы дерттің білгірі,
Жөндейтін тозған жүйкеңді.
Наз айтады домбыра,
Арудай әні келісті.
Азайтады домбыра
Жүрекке батқан берішті.
Екі ішек үні талмайды,
Үзілмес тәтті үміттей.
Ғашықтық тілін жалғайды,
Құмартқан қыз бен жігіттей.
Сегіз перне сезімтал,
Қос ішектің үнін жебеген.
Өрбітер әуен өрімтал,
Құйғытар күйші көреген.
Қияға құстай ұшырар,
Домбыра – әншінің қанаты.
Шекітіп, қағып құлшынар,
Басылмай іңкәр тағаты.
Шешен де тапқыр қатарда,
Төселген ұлттық мол мұра.
Ауадай қажет қашанда
Бір үйге бір домбыра.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу