Өлеңдер ✍️
Жанымның жарасы көп жазылмаған...
Жанымның жарасы көп жазылмаған,
Берген жоқ өмір өңкей жазын маған.
Сыр да көп ақтармаған әлі жөндеп,
Тереңде асыл кендей қазылмаған.
Көз жасын оңашада көп төгілген
Жасырып өстім жабық, тоқ көңілмен.
Әкемді көрмей қалған ғұмыр шектім,
Анам да қызық көрмей өтті өмірден.
Кер заман соқтырмаған дауылына,
Ризамын анамның нар бауырына.
Мың алғыс сол кісіге арнай берем
Заманның жеткізген зор қауымына.
Екі әкем жатыр атамекенінде,
Қос анам Жалғызтаудың етегінде.
Бар менің бір өңірде екі ауылым,
Сағыныш жүрмін екі жетегінде.
Барғанда бастарына жай табамын,
Қаулайды қия бассам қайта жалын.
Ішімде мәңгі түйген арманым сол,
Деп келем: «Қалай парыз қайтарамын?»
Шүкірлік, намыскермін қуатым бай,
Күпірлік етпен қайта туатындай.
Құпия өз сырымды өзім айттым,
Тас беріш жатқаннан соң уатылмай.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter