Өлеңдер ✍️
БАУЫРЖАН МЕН ТАКСИСТ
– Әй, бала!
Деме ағаның қарыс тілі,
Дем бергіш басылмайды соғыс сыры.
Таксиді шабуылдай шапшаң жүргіз,
Мен – Бауыржан Момышұлы!
...Рульде қарапайым қазақ жігіт,
Мырс етті, місе тұтпай мазақсынып.
Тіл қатты ыңырана соза сөйлеп,
Тоңмойын, бұрылуды азапсынып:
– Шошытпа, көке!
Талай шошығанмын,
Деп пе едім:
«Ей, ағатай, осыған мін».
Сен түгіл, настоящий Бауыржанды
Мен былтыр күні бойы тасығанмын.
Бардық біз ағасына, інісіне,
Сабаздың риза болдым жүрісіне.
Қолпаштап қолтығында қос келіншек,
Мінездің мін тақпайсың ірісіне.
Он теңге сөз бе?
Одан алғаным жоқ.
Бір көру жүруші еді арманым боп.
Өз әкем Баукеңдердің полкінде өлген,
Өкіндім әлі іздеп бармадым деп.
– Інішек-ау, жасай ма деп көлік кірбің,
Сөз айтсам
Көңірсіттің өзің зіл мұң... –
Деді де, Баукең дереу паспорт тосты:
– Мінеки, мен Бауыржан нөмір бірімін! –
Жігітті батыр сөзі қыршып кетті,
Бір қапа жүрек шетін шымшып кетті.
Көргенде «Момышұлы» деген сөзді
Қос маржан қос жанардан ыршып кетті.
Дедектеп такси кетті көштен дара,
Ем тапты көкіректі тескен жара.
Құлшынды өз әкесін көргендей-ақ,
Қолында өгей әке өскен бала.
Тез жетті барар жерге арқыратып,
Жиырма сом Баукең тосты жарқыратып.
– Алмаймын, аға, – деген таксишіге
Саңқ етті Алатауды қалтыратып.
Жарқ етті,
Екі көзден шырақ жанды,
Қарт батыр қаһарланды,
Қыранданды.
Шекеде қан ойнаған күре амыр
Өзендей өрден өткен бұраңдады.
– Отставить!
Өзіңе тақсырлығың,
Бес сомдық көріп тұрмын такси құнын.
Он теңге – былтырғы қу жігіт үшін,
Бес сомға – келінге гүл тапсыр бүгін!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter