file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  179


Автор: Кәкімбек Салықов

БІЛЕК ҚОСАМ ЕЛ ҮШІН

Шошыма, достым, шошыма,
Күш қосармын қатар кеп,
Исатайдың қосына
Ту тіккендей Махамбет.
Есерден даңғыл қақ жолда
Не болар бағыт сұраған?!
Ескі доспен жат болма
Ирек жолда бұралаң.
Дарыны дархан жаралған
Мұхтарға да Абайым
Сонау алыс заманда
Төккен жоқ па арайын?!
Ақылдың кені тереңде,
Абайла, терең сұрыпта.
Кенесары дегенде,
Наурызбайды ұмытпа.
Ақтығын айтсақ бағалап,
Неге өтейін танымай;
Төле бисіз Сабалақ
Болар ма еді Абылай?!
Қаз дауысты Қазыбек,
Әйтекелер болмаса
Шұбырып, зарлап азып ек,
Үш биге бірлік қонбаса.
Тарихқа тағзым наз артты,
Өткені еске түседі.
Үш жүз түгіл, қазақты
Бөлуге жол жоқ үш елі.
Қай жүйеге жетсек те,
Бабалар жолын қорғаймыз.
Ақмолаға көшсек те
Алматыны ойлаймыз.
Көреген көңіл дәл ұғар
Сөздің оң мен терісін.
Есті дос пен ары бар
Білек қосам ел үшін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу