Өлеңдер ✍️
ТӘТТІМБЕТТІҢ ЖАН СЫРЫ
О, заман-ай! Заман-ай!
Өттің бе бір қарамай?!
Көкірек жарған күй қозғап,
Қамықтым жас баладай.
Көксеткен жеңіс көре алмай
Хан Кене өтті, ой, Алла-ай.
Күйзеліс кетпес көңілден,
Алыстан көмек бере алмай,
Бірікпей кеткен арамыз.
«Алтыбақан алауыз»
Қазақты тағдыр сынады-ау.
Аяқтан шалып әр себеп,
Көкшеде өскен бәйтерек
Алатауда құлады-ау.
«Көкейкесті» күй шерттім,
Азасын айтар мұң-дерттің.
Қайғырмай қалай шыдайын,
Тұтылды көкте Күн-Айым.
Өзгені алмай, ханды алды-ау
Жаратқан жалғыз Құдайым.
Төсекте тыныш жата алмай,
Түңілсем күнім батардай,
Сұп-суық хабар жетті елге
Соққандай дауыл қатарлай.
Мезетте әрең жан сақтар,
Шертуге келмей саусақтар,
Алақанмен қағыттым.
Домбыра-досым, назды ақтар,
Жалындап, маздап, зарлап қал.
Бурадай шөккен жабықтым,
Малшынып мұңға қамықтым.
«Көкейкесті» – арманым,
Хан Кенеге арнадым.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter