Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  197


Автор: Кәкімбек Салықов

ҚАСТЕРЛЕСЕК АБЫЛАЙ ХАННЫҢ ЕСІМІН

Кіші Мекке – Түркістаным, армысың!
Арнап келдік киелі іске жан құсын.
Абылай ханның жұлдыз етіп есімін,
Дербес елім салып жатыр бар күшін.
«Хан ием» деп өскен қазақ ардақтап,
Ақ жолына жас ұрпақты жалғатпақ.
Қайта жерлеп, аруласақ аққа орап,
Риза болар ел құрметін салмақтап.
Әлем білген пір сыйлауды барладық,
Дін мұсылман, бас иіп тұр бар халық.
Қожа Ахмет Иасауидің тілінде
Алла атымен Құран сөзін арнадық.
Ол халқынан аямады өз күшін,
Сан арпалыс сұрапылын кешті шын.
Кім екенін Абылай ханның жыр етсем,
Міндетім сол, үмбетіміз естісін.
Әне, сондай түйдек келген жыр мәні,
Бұл есімде бүкіл тарих жинағы.
Ұлттың күлі көкке ұшардай қатерде
Абылай ханды Алла бізге сыйлады.
Кер заманда тоқтау салса кесір сын,
Егемен ел қошеметін өсірсін.
Өтемесек бұл міндетті ертерек,
Ұлы ханның аруағы кешірсін.
Айт күн еді... мұңлы үндер аз шықты,
Ақ тілекпен көкіректен наз шықты.
Сөз алғанда шөбересі Шотаның
Елжіреген жүрегінен жас шықты.
Әбілмансұр нұр-шуаққа малынсын,
Пірімізге пейіш шамы жағылсын;
Аят-дұға бір Аллаға жетердей,
Періштенің құлағына шалынсын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу