Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  187


Автор: Кәкімбек Салықов

МАЙРАҒА

Бір қызым бар маңдайыма жазылған,
Бір ұлым бар кенші болып танылған.
Жалғыз ғана жан жарым бар қасымда,
Ардақты ана бәріміз де табынған.
Бар бақытым сол – алдымда ұл-қызым,
Еркем Майра – аспанымда жұлдызым.
Бір қызымды көремін мен барындай
Ай-аспанды тамсандырған мың қызым.
Айналайын, мерекемсің, Майрашым,
Жолың сенің бола берсін май-жасыл.
Арқасында Ерланым мен өзіңнің
Атым менің сақталады сан ғасыр.
Тәубе деймін, бар бірнеше немерем,
Бұл жалғанда одан артық не көрем?
Айналайын, Арманжаным, ардағым,
Әр күніңе сенің құтты кенелем.
Майра, Майраш, айналайын балапан,
Сәт әкелсін саған туған жаңа таң.
«Ата көрген оқ жонар» деп айтқандай,
Өнеріңді, өлеңіңді жаратам.
Мен не дейін, Алатаудай ақ шашым,
Жыр төріне тура бұрдым ат басын.
Тілегім сол, әулетімді әрқашан,
Алла жар боп, тіл мен көзден сақтасын!
Майра, сені көріп өсіп-жетілген,
Көптен бері әкең іштей бекінген.
Құтты болсын туған күнің бүгінгі,
Бала күндей, кел, сүйейін бетіңнен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу