Өлеңдер ✍️
ЕСЛӘМ ЗІКІБАЕВҚА
Қырандай Жалғызтаудан шарықтаған,
Ақжолтай әр қадамың анық маған.
Шаттандым
Шалқар думан – ел жинасаң,
Жасамай сараңдаған нарық саған.
Қазақтың еш перзентін етпес өгей,
Қызы көп тау жақты ма Көктөбедей?
Әйтеуір Алатауды жайлап алдың,
Ешқашан қайын жұртқа өкпелемей.
Жасыңнан сыршыл ару құсты іліп ең,
Шабытшыл ләззат, зәузат түсті үніңнен.
Заулай бер Құлагердей өршеленіп,
Жалғасып Мағжан аға ұшқынымен.
Сақтаған «Ақ қайыңдар» дауыл, желден,
Көп жылдар артта қалса тәуір желген;
Қанатын қаға берсін «Аққу-арман»,
Күн тусын бұдан да зор дәуірленген.
Жер жыртқан бала күнде өгізбенен,
Батырлық өшкен емес негіз сенен.
Есілдің бір еркесі кездесер деп,
Келінге ризамын сені іздеген.
Жастық шақ егделікке талмауратып,
Жол берсе, қабылдай бер жалаулатып.
Елінен Президенттің қыз алғанды
Құдайым қоймас деймін жаяулатып.
Атыңды өлеңіңнен білген едім,
Тілегім кездескелі бірге менің.
Өрінде ақындықтың жайнай берсін
Желкені «Есләм» атты жыр-кеменің.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter