Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
14.06.2022
156

АЙГҮЛДІҢ КҮЙ ТАРТҚАНЫ
Өлі оянып күш бітердей тіріге,
Әу дегеннен қос ішек кетті біріге.
Күйші қыздың қос жанары жарқ етті,
Баурап алды тасқын күйлер үніне.
Еділ тынбас Құрманғазы қарыспай,
Тоқтау қайда Дина анасы жарыспай.
Ойға салып толғандырса Тәттімбет
«Аққулатты» Нұрғиса да қалыспай.
Құлпырды Айгүл қара шашы төгіліп,
Үн боп кетті қара қамыс сөгіліп.
Күй сұрапыл нән толқыны тасқындап,
Кетті сахна сандал сазға көміліп.
Ажарланды «Айжан қыздай» албырап,
Күй бұлқынды әр бунағы ән сұрап.
Екі ішекті еңіретті бір кезде
Хас батырдай «Кісен ашқан» қансырап.
Құлап түріп тыңдағандай бар ғалам,
Тасқын сарын бұлттай көшті жаумаған.
Күй де тынды, күйші де әрең сау қалды,
Жалын кешкен аққу құстан аумаған.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇