Өлеңдер ✍️
ӨМІРІҢ ҮЛГІ ҰРПАҚҚА
(Еңбек Ері Ғазиз Омаровқа)
Өзін өзі нық ұстайтын қашанда
Мықтыларды сүйемін,
Құлаш ұрған елге еңбек жасауға
Құттыларды сүйемін.
Беу, мықтылар! Қуат бердің гүлдесем,
Қөп жасаңдар, арыстар.
– Жезқазғанның жігіттері кім? – десең,
Олар – шымқай Қаныштар.
Ғазиз, Мұхит, Далабайым бар менің,
Бір көрмесем сағынар.
Қопарғандар Жезқазғанның бай кенін,
Өмірханым тағы бар.
Түсіпбекке, Әбікенге табындым,
Көріп жойқын берікті.
Садық пенен Балғабайды сағындым,
Жолдасбекті, Серікті...
Оразбектер ауыр күнді көп көрді,
Тежемеді шабысын.
Кен қазудың тауқыметін өткерді,
Қорғады ел намысын.
Сендерсіңдер татқан дәмін азаптың,
Тар белбеулі кең шідер.
Сендерсіңдер діңгектері қазақтың,
Аға буын кеншілер.
Ғазиз аға, құтты болсын жетпісің,
Шық осынау жыр-таққа.
Зор діңгектің біреуімін деп түсін,
Өмірің үлгі ұрпаққа.
Кенші ағалар!
Алдымдағы арыстар,
Сендер барда
Жезқазған бар, Қаныш бар!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter