Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  110


Автор: Кәкімбек Салықов

ЕСІҢЕ АЛШЫ...

Есіңе алшы, біздер қалай тұрып ек,
Азаматтық жолын қалай құрып ек?
Екі бөлме кең сарайдай көрінсе,
Асыл төрдің шын қуантқан сыры көп.
Ол өмірді жырлаймын бір ғасыр деп,
Шахтамыздың дүркіреген қасында ек.
Тұңғышымыз жас құлыншақ Ерланды
Бізбен бірге бағып-қақты Әшірбек.
Тер төгілттік ерте тұрып, кеш келіп,
Жебеп жүрді Тәңірім ерте ес беріп.
Ойлап тұрсам...
Көзін ашқан бұлақтай,
Сол пәтерден бастау тапты көш, көлік.
Осы күнгі жастар оны білмейді,
Біліп қайтсін, құлаққа да ілмейді.
Жас баласын көтеріп ап, жаяулап,
Олар біздей улап-шулап жүрмейді.
Үш бөлменің біреуінде орыстар,
Тату болдық сыйластықпен қол ұстар.
Бауыр басқан қанша достар келсе де,
Деп көрмедік ешқашан да қоныс тар.
Есіңе алшы... қызық еді бәрі де,
Сол көршіміз ыстық тартар әлі де.
Шыдай-шыдай шырмауықтан шықпасақ,
Түсінбес ек өмір-майдан мәніне.
Барға риза, жоққа көнгіш болып ек,
Бәрін көрді Қазтай, Жәлел, Орынбек.
Айлықты да азсынбадық ешқашан,
Байлықты емес, ар-намысты қорып ек.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу