Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  156


Автор: Кәкімбек Салықов

ІНІЛЕРГЕ АЛҒЫСЫМ

Сұрай қалсаң ақжолтай тілегіңдей,
Есенгелді кім десең, біле-білмей,
Мен айтайын төтесін жүре күлмей,
Ол – қайсар жан, жолбарыс іргегіндей.
Сертке берік домбыра тиегіндей,
Арманы асқақ Алатау сілеміндей.
Көңілі дархан сексен көл лебіндей,
Көкірегі көгал – қалмайтын гүл егілмей.
Жүзі жайсаң мұхиттың түбегіндей,
Жаны мырза Сыр мен Шу легіндей.
Қиялы зор Мағжанды аңсап туған,
Тірліктегі ең берік тірегіндей.
Қазақ десе қалт етпей болар құрбан,
Жүрек қайда Есеннің жүрегіндей?!
Қызылжардың ар жағы қалың бауыр,
Жәрдем күтер жоқ емес жарлы қауым.
Атажұртқа Есендей септесе алсақ,
Тез көркейер еді ғой барлық ауыл.
Білмегендер ден қойып танысын сыр,
Көпшіл, сепшіл етемін намысын жыр.
Қай қазаққа қай жерде сеп берсе де,
Болмысына өзінің жарасып жүр.
Асау інім осындай Есенгелді,
Тайбурылдай көрсетті төселгенді.
Түлкі болса бұл заман шалып түсіп,
Қанжығаға нарықты тез өңгерді.
Шындықты айтпай ақынның жыры тынбас,
Мекеш және Бақытжан, тыңда, сырлас.
Мағжан жырын орысша сөйлеткенде,
Үшеуіңнің еңбегің ұмытылмас.
Арманымның сендердей көші толсын,
Жолдарыңа сәт пен құт қоңсы қонсын!
Мағжан аға «Пророк» кітабы үшін
Үшеуіңе алғысым осы болсын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу