Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  216


Автор: Кәкімбек Салықов

Татулыққа кезім жоқ көніспеген...

Татулыққа кезім жоқ көніспеген,
Жан құпия... от-сезім бөліскен ем.
Тәтті түстей өтеді еске түсіп,
Сәтті күндер құштарлық өрістеген.
Жыр ма екенсің, сол күндер, ән бе екенсің?!
Нұр төгілтіп, өмірді сәнді етесің.
Дос ниетпен, махаббат, өзің қидың
Қос жүректің аяулы ақ некесін.
Қолтықтасып талай кеш жүрдік билеп,
Жанға жалын жалғасты түйдек-түйдек.
Ойда жоқта оңаша қалу деген
Бақыт еді-ау кездескен бізге сирек.
Киік көрсем жарқ еткен өрде жүріп,
Қисапсыз ғой жүректе өрген бүлік.
Ең алғашқы дегені сол екен ғой,
Құштарлыққа тұншығып сөнген үміт.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу