Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  136


Автор: Кәкімбек Салықов

ЕЛ СҮЙГЕН ӘЛЕМІҢ БАР АЗАМАТСЫҢ

(Жақсылық Ысқақовқа)
Жақсылық, құтты болсын сексен жасың,
Тауыпсың жүзге жетер өткел басын.
Әлі де талай жылдар жаса деймін,
Бергенің туған елге көп болғасын.
Атақты Ғабдолла атай баласы едің,
Биледі сені таза сана-сезім.
Еліңе жақсылық сеп дегендейін
Болды, рас, ата-анаңда дара сенім.
Бөлендің жақсы ырымға бала күннен,
Бөгет жоқ жақсы ұланды сүріндірген.
Жақсы оқып, жақсы қызға сен үйлендің,
Жақсы алдың қарт Алатау нұрын Күннен.
Бек жақсы бастық болдың ауданыма,
Жақсы еді Есіл ескен аумағы да.
Елімнің жақсы атанған елеулісі,
Қызылжар тұғыр болды самғауыңа.
Қарамас жастық шаққа қызықпай кім?
Қанатты ұшқан сайын үздік жайдың.
Ауылыма Қаттай аға екеуіңнің
Зор көмек бергеніңді ұмытпаймын.
Жол түсті биік төрге аттануға,
Павлодар облысын басқаруға.
Мен білген Қаныш елі саған риза,
Болардай жерлесім деп мақтануға.
Сері дер сексендегі мәнерім бар,
Ағалық екі ай үлкен сәлемімді ал.
Жақсылық, рахмет саған, ұзақ жаса,
Ел сүйген сенің үлкен әлемің бар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу