Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  232


Автор: Кәкімбек Салықов

КӨКШЕТАУ ТЕАТР АШҚАНДА

Ассалаумағалейкум, Көкшетауым!
Елге құт, маған бақыт есен-сауың.
Қуаныш құтты болсын театр ашқан,
Өнерге орда құрдың, өсер қауым!
Қазақтың сал-серілік бас қаласы,
Атандың ақындықтың астанасы.
Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай...
Құт дарын шоғырланды бастамасы.
Жүрекке жүлде байлар таптың дәрі,
Елге аян Мағжан, Сәкен сақ тыңдары.
Дүбірі Құлагердің естілгендей,
Саңқылдар сексен көлдің аққулары.
Асып тұр арнасынан дария-өлең,
Мақтанам жан толқытар жаңа ұямен.
Сәнді етіп сахнаға талай шығар
Әндетіп Балуан Шолақ Ғалиямен.
Сал Көкше нұры жанса театрланып,
Жақандай тебіренбесін ақын не қып?
Нар жүгін тік көтерген қан майданда,
Дәл бүгін бір сілкінер батыр Мәлік.
Шаттанса ақын жүрек ұшады екен,
Құлшынды ел аңсаған құса мекен.
Тап бүгін қатты ұйқыдан аунап түсер
Ақтұйғын ағаларым –
Мұса, Көкен.
Театр «Абылайлап!» ағындатсын,
Жөптердей Шоқан атам бабын тапсын.
Қазақтың жаңа ашылған өнер көші
Толқытып Сарыарқаны дабыл қақсын!
Ер Көкше!
Таңғажайып жаңаландың,
Кең сарай аштың төрін жаңа алаңның.
Сахна саңлақтары,
Самға,
Заула,
Аруағы жебеп жүрсін даналардың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу