file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  232


Автор: Кәкімбек Салықов

ҰЛЫТАУ ЖАЙЛЫ ҮЗІК СЫР

Даналықтың қызықсам салтына бір,
Қарт Ұлытау төгілер атына жыр.
Отансүйгіш көтерген рухымды,
Өзі де бір көсем тау, даңқы да бір.
Ойнақтаған тау-бөктер кілемінде,
Салтанат бар көп киік легінде:
Ақ Шоқыны айналып өтіп жатыр
Білезіктей сұлудың білегінде.
Бауыр басқан таулардың көп легі,
Қарт Ұлытау – солардың төргі шебі.
Етегінен ғарышқа ұшқан кеме
Жетегінен шыққандай көрінеді.
Әлімсақтан Ұлытау алшақтайды,
Кен табылар қай жерден қазсақ сайды.
Жезқазғанға Құдайым қоса берді
Қаныш құмар Жезді мен Қарсақбайды.
Ұлытауда ертерек таң атады,
Кең даланы әудемде жаңартады.
Ұлылықтың шын сыры осы шығар,
Бабалардың ізіне қаратады.
Содан кеттің, Ұлытау, ән-жырым боп,
Ұларыңа арнаған жан сырым көп.
Етегіңе құрғанда жаңа ауданды,
Ат салыстым аянбай, бір ұлың боп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу