Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  126


Автор: Кәкімбек Салықов

АУЫЛҒА СӘЛЕМ

Ассалаумағалейкум, елім-жұртым!
Сағыныш селі жеңді дүркін-дүркін.
Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай
Салтымен жетеледі мені ғұрпың.
Ақындық Көкшетаудай парнасының
Сарқылмас дария-толқын арнасымын.
Бастаған Мағжан, Сәкен, Сәбит, Ғабит –
Ұлы көш кейінгі ұрпақ жалғасымын.
Келдім ғой көптен көрмей қапаланып,
Есейдім «Ата» деген атақ алып.
Тебіренсем жан анамның ізін көріп,
Сүйейін қара жерді жата қалып.
Лаулады Ұлытауда оты өнердің,
Қияда жалғыз жүріп көшелендім.
Тербетші жыр бесігін, ауылдастар,
Келіп тұр алдарыңда бөпеленгім.
Көнбеймін көңіл қозғап жас үюге,
Болмаса, тай сойғызып ас үюге.
Тіршілік бір парызын ақтай келдім
Ата-ана зиратына бас июге.
Есімнен, ерке күнім, кетермісің?
Келіп тұр құз-қияға жетер құсың.
Ардақты қариялар – дариялар,
Көргендер ата-анамды, есенбісің?!
Есінде жолдағының жорамал көп,
Жүрсем де қолым тимей, жоламай көп,
Сескенем жай отырып...
Мен де бір күн
Ауылдың ең үлкені болам-ау деп.
Біржан сал сөзі қалды көкейімде:
«Сұм дүние келтеленер өтерінде».
Ағалар, алшаң басып жүре берші
Немере-шөберелер жетегінде.
Шабысым бәсеңдемес жараудамын,
Кеңейтем тар дүние шар аумағын.
Құрбылар, қартаймаңдар, мен әлі де
Сендерге қыз күніңдей қараудамын.
Әндетіп «Жезкиікті» еткен үлгі,
Өздерің білесіңдер еккенімді.
Баптаған сол жорыққа
Көре келдім
Сырымбет баурайында мектебімді.
Туған жер – сұңқар сүйгіш құс-алаңым,
Төсіңнен биік шыңға ұша аламын.
Сау жүрген ұстаздарға сәлем берем,
Жүзінен өткендей боп ұстараның.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу