Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  131


Автор: Кәкімбек Салықов

РУХЫ БИІК РУДАКИ

Адамзаттың мұң мен шерін аңғарған,
Ақ көңілді – ақ жүректі аңғал жан.
Асыл ойды ақ қағазға түсіріп,
Тыным таппай тұрған ала таңдардан.
Мінездің де бекзаттыққа керегін,
Біледі Алла кімге таңдап берерін.
Тұрдым деген жерде қалған тірлікте,
Рудаки ғой адал адам дегенің.
Ары таза – кемел мінез мүлтіксіз,
Осынау сырын данышпанның білдік біз.
Асқақ дарын түп-тамыры шындықта,
Өлеңдері саф алтындай кіршіксіз.
Тасқын талант шың басына бір шыққан,
Ақын таймас шындық үшін құлдықтан.
Көзін ойып алса-дағы, Рудаки
Өлеңімен кегін алды сұмдықтан.
Патшаларға қалды арнаған марапат,
Шындықты айтып алды өшпес жарақат.
Ар жолынан аттап басып таймады,
Ай-әлемді басса-дағы алапат.
Адамзатқа айтылар бұл керек сыр,
Шындық туы бар пәлені тежеп жүр.
Өтті өмірден дүниеқоңыз патшалар,
Рудакидің рухы бізді жебеп жүр!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу