Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  106


Автор: Кәкімбек Салықов

АҚЫНДЫҚТЫҢ «АДАМ АТАСЫ»

Парсы елінде болмай қадам қатасы,
Поэзия атанды «Адам Атасы».
«Ұстаз» деген Рудакиге ат жайылды,
Жаратқанның бұйрығындай батасы.
Амал қанша, зағип қалған күн болды,
Басып кетті тас қараңғы түн жолды.
Көкірегінің көзі ашық адам ғой,
Өлеңінен шаттық өшіп, мұң толды.
Үміт үзді кешегі көп пайдадан,
Күндер өтті мақтау сөзді қайраған.
Сонда атанды «Ақындықтың патшасы»,
Асыл жырмен адамзатқа сыйлаған.
Сусындадым мөлдірінен тұнықтың,
Іше бердім, молдау ішіп құнықтым.
Рудакидің шексіз шерін шолғанда,
Өз мұңымды елді аңсаған ұмыттым.
Кең ауқымды туады екен жыр басы,
Осы екен-ау ақыл, сезім тұнбасы.
Төрттағанда жатыр екен бой жазып
Мұңлы жалған, төрткүл дүние сырласы.
Гүл тергендей ортасында көгалдың,
Көңіл өсіп, үр жаңа бір оңалдым.
Сарыарқаны сағынғаным бір төбе,
Душанбеден Мәскеуге есен оралдым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу