file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  149


Автор: Кәкімбек Салықов

ТУҒАН ЕЛ КӨРІНІСТЕРІ

Теңесем туған елді ақ қайыңға,
Демеймін ескі әдепті сақтайын да.
Түбінде сол қайыңның бейіт жатыр,
Жазылған анам аты тақтайында.
Көкірек ойда жоқты қиялайды,
Көзге ыстық көп көрініс ұялайды.
Сағынып кетем кейде қыз сыйлаған
Бес саусақ жұқа түбіт биялайды.
Бір ән бар ауылдастар шуылында,
Бір сән бар ауыл қызы бұрымында.
Бір мән бар аттанарда қоштасқанда
Қолының қолда кетер жылуында.
Жанданам құйын-желдің алдында да,
Таңданам аңыз жатса қарлы дала.
Шөп шапқан шалғы сілтеп бала кезде,
Құмармын бұйра толқын шалғынға да.
Көп сыр бар алғаш ашқан «Әліппеде»,
«Отан» деп сөз құраған әріпте де.
Бәрін де сыйғыза алмай ойда бардың,
Қараймын өлеңіме кәдіктене.
Кім айтар деп, шырағым, осың бекер,
Жеңіл сөз неге керек өшіп кетер?
...Ей, достым, машинаңды баяу жүргіз,
Көлдегі жалғыз аққу шошып кетер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу