file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  197


Автор: Кәкімбек Салықов

БАЛАЛЫҚ ШАҚ БЕЛГІСІ

Түскем жоқ футбол қуып екі дайға,
Көрмедім асықты да тегін пайда.
Ойын жоқ...
Соғыс жылдар масақ тердік,
Жұлыстық арам шөпті егінжайда.
Көзге жас тығылса да түйдек келіп,
Шыдадық, бойды мұңға билетпедік.
Жұмыстан қол босаса балық аулап,
Анама әкелуші ем жидек теріп.
Кемпір-шал қолғабысқа үйірлеткен,
Көктемде соқа айдадық сиыр жеккен,
Ұйқыдан таң мезгілде оянушы ек,
Бригадир даусы шықса қиыр шеттен.
Ел жылап келіп жатты «қара қағаз»,
Тымырсық ұялады санаға наз.
Табаным жалаңаяқ темірленді,
Тас батып, шөгір кіріп жараламас.
Май келді,
Масайрадық, жеңіс келді,
Басқарма: «Жеңдік, – деді, – немістерді».
Үш боздақ біздің үйден оралмады,
Көрші үйдің үш солдаты тегіс келді.
Ардагер ағаларым – ардақтылар,
Сауы бар, саусақсыз бар, балдақтылар.
Көтерген барша жүкті күндер өтті,
Шөп шауып, қысы-жазы мал бақтырар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу