Өлеңдер ✍️
КЕҢГІРДЕГІ КЕЗДЕСУ
Ұлытау бірге, ел бірге,
Шақырып ұлым, жиналдық.
Салықовтар Кеңгірде
Саулыққа шалдық құрмалдық.
Алатаудан сағынып
Майра мен Марат келіпті.
Астана нұры жағылып,
Бізге де ақ жол беріпті.
Жезқазғанға Майрашым
Отыз екі жыл келмепті.
Дәл тауып сөздің арнасын,
Естелік назын селдетті.
Балалық шағын көргендей,
Өткенге өрнек салады ой.
Ол қайтсін қатты тебіренбей,
Осында туған бала ғой.
Күткендей көптен даналар,
Тағзым етіп асыға,
Барып та қайтты балалар
Домбауыл, Жошы басына.
Жоғалмай ескі жалғанса із,
Көңілге шырақ жағасың.
Аралады олар армансыз
Сәтбаев – кенші қаласын.
Күләйхан күтті тойлатып,
Құдашам кербез, заты асыл.
Кәрі мен жасты ойлантып,
Төгілтті Жәлел батасын.
Қуантқан ұлым – ырысым,
Жездінің қызын алғанда.
Алғыстың айтам ірісін
Ракетажан мен Ерланға.
Толқып жүр бәйбішем есен-сау,
Жолығып құлын, тайына.
Алыстан аңсап жеттік-ау
Күлбарамның алтын шайына.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter