Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  188


Автор: Кәкімбек Салықов

ҚҰРАНДЫ ӨЗ ТІЛІНДЕ ТҮСІНДІРДІ

Досым бар Астанада Кеңес деген,
Нар тұлға маңайында жел еспеген.
Өзім де аға болып, құшақ жайдым
Жігітке ер Тарғындай елестеген.
Арқаның асыл туған азаматы,
Қазақтың қамын жеген қазанаты.
Лайықтап дін мұсылман баласына,
Киелі бар тамаша жазған хаты.
Әрине,
Білмегенге қиын бәрі,
Түсінсең, дем береді түйір нәрі.
Қазақтың шын мұсылман болғандығы –
Құдайға өз тілінде сыйынғаны.
Төс қағып көтермейді Кеңес өзін,
Өнерпаз көрдім талай қызық кезін.
Ұқыпты тыңдай біліп, сыйлай біліп,
Көрген жоқ еш адамның бұзып сөзін.
Арпалыс кіріп талай орманына,
Әкімдік қанған арыс толғағына.
Иісі жоқ шенқұмардың мінезінде,
Ел разы кішіпейіл болғанына.
Кеңестің Сағила атты жұбайы бар,
Сұлулық патшасындай Күн, Айы бар.
Бәрінен кереметі сол деп білем:
Бойында құдіретті Құдайы бар.
Кезінде ел жүктеген ісін білді,
Махаббат жаны құштар құсын ілді.
Бұл күнде дін мен ділді қорғай жүріп,
Құранды өз тілінде түсіндірді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу