file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  226


Автор: Кәкімбек Салықов

ӘНШІЛІК ӨНЕРІНІҢ ҚҰЛАГЕРІ

(Қайрат Байбосыновқа)
Қайратжан, айналайын асыл інім,
Жаңғырттың бар қазаққа ғасыр үнін.
Аққу-қаз айдын көлде саңқылындай,
Сұлу саз, әсем әннің ғашығымын.
Қырандай қос қанаты үдемелі,
Даусыңнан өріс тапты қыр өлеңі.
Қалың ел есіміңді білді, Қайрат,
Басыңа бақыт құсы түнегелі.
Ән салсаң жақындайды аспан бері,
Алатау тоқтай қалар аққан селі.
Оянар шырт ұйқыдан алғыс айтып,
Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Ақан сері.
Ой жатыр терең толғау мәнісінде,
Сен айтқан айналады ән мүсінге.
Бір сипап қара мұртты бебеулетсең,
Елестер Сәкен ағам «Тау ішінде».
Домбыраң ақ үкісін желкілдеткен,
Тынысың «Сырғақтыға» еркін жеткен.
Шырқасаң «Жамбас сипар», «Гәккулетіп»,
Қыздардың қақтың талай бөркін көктен.
Кең сарай әу дегенде селк етеді,
Жан толқып, қам көңілден шер кетеді.
Адамды жас баладай елжіретіп,
Қоңыр ән балқұндақта тербетеді.
Мергендей тапқан тәсіл түлкі аулауын,
Құлшынттың екі ішектен үн самғауын.
Жүректі тесіп өткен асау ырғақ,
Қойғызар құдашаның қиқаңдауын.
Сал-сері бабалардың мұрагері,
Өзіңсің барша қазақ бұлан ері.
Өжетсің қызған сайын өршеленер,
Әншілік өнерінің Құлагері.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу