Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  155


Автор: Кәкімбек Салықов

СЫРЫМБЕТ АРУЛАРЫ

Төрт тамаша Сырымбет сұлулары,
Көкшетауда жүр шымқай шырын-дәрі.
Той-думанда аттарын жырға қоссам,
Ұнатады марқайған бүгін бәрі.
Зина, Бәкөш, Зейнікеш, Мағи қандай?!
Төрт жағыңнан төрт шырақ жағылғандай.
Жай емес-ау, бір сынып түлегіміз,
Жүрегіміз тапқызар бабын қандай?
Тауға жақын құлашты жайдым тағы,
Құлпырып тұр Айыртау алдымдағы.
Саумалкөлде Әгір жүр – сыныптас қыз,
Ұмытпастай аққудай айдындағы.
Бірге болса балғын шақ, өткеніміз,
Қанат жайды жас ұрпақ, өркеніміз.
Қашан, қайда жүрсек те естен кетпес
Бір ұядан ұшырған мектебіміз.
Құдіретті жер қыздарды күлімдетті,
Махаббаттың сан сырын ұғымды етті.
Құлағыма Жамалдың әні келіп,
Ұмыта алмай отырмын Сырымбетті.
Жанарларың жарқ еткен жан улады,
Сағынсақ та пәк жүрек жаңылмады.
Қыз күндерің қайтадан оралғандай,
Сәлемімді ал, Сырымбет арулары!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу