Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  127


Автор: Кәкімбек Салықов

МЫҢ-МЫҢ АЛҒЫС ҮЙЕМІН

Студент кез жүрек жаулар тетікті,
Тапқан сөзім арманына жетіпті.
Гүлдей нәзік аққұба қыз
Бәйбіше
Болғанына елу бес жыл өтіпті.
Жасырмайтын дос-жараннан сырым бар,
Таттым ләззат, Мәриям, сенен шырын-бал.
Тәубе деймін, төрім толды қызыққа,
Мақтан етер қызым және ұлым бар.
Ұл ұясын, қыз қиясын табатын,
Кең жайылды шартарапқа қанатым.
Өз қызымдай болып кетті Ракетам,
Өз ұлымдай көрінеді Маратым.
Дархан дүние ақ ниеті кең еді,
Ата-бабам аруағы мол жебеді.
Арман, Дана, Әдия – үш немерем,
Әділ атты шөберем өсіп келеді.
Балапандар ақ тілекті ақтасын,
Жол ашылсын бәріне де сәтті, асыл.
Тілейтінім ертелі-кеш – қашанда
Тіл мен көзден тағдыр есен сақтасын.
Өзімді өзім қиял құсқа теңеймін,
Жонда жортқан жезкиікті жебеймін.
Туа жалғыз болсам-дағы, өмірде
Жүре-жүре достарыммен көбейдім.
Игі жақсы дәмдес болды елдегі,
Кенші-ақын боп шабыт қанат сермеді.
Қарақалпақ, Мәскеулетіп оралдым,
Соның бәрі Мәриямның еңбегі.
Сол үшін де мың-мың алғыс үйемін,
Пәк мінезін көкірегіме түйемін.
Той үстінде «ащылатып», ағайын,
Мәриямды екі беттен сүйемін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу