Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  119


Автор: Кәкімбек Салықов

ҒАСЫР ЖЫРЫ

Ленинградты от қоршауда сынаған,
Жау қысқанда не көрмеді бұл адам?!
Сол күндерде қайғы кешкен қарт Жамбыл
Жыр боратты қорғасыннан құраған.
Алатаудан алаулатып нұр тілек,
Жетті сәлем жалаулатып, дүркіреп.
Ашыққандар азық алды, әлденді,
Тарыққанға туды ғажап жыр-тірек.
Төкті Жамбыл өлең кенін ағынды,
«Ленинградтық өрендерін» дабылды.
Қоршаудағы тірі қалған кәрі-жас:
«Ғасыр жыры дәл осы!» – деп табынды.
Тыңдай қалшы, түсінбейді кім ғана,
Бар қайғыны айтар зарлы үн нала.
«Мамам өлді... ағам өлді... біз жоқпыз», –
Деп жазыпты дәптеріне бір бала.
Саған риза сәби-құрбан сол бала,
Саған риза өз анамдай сорлы ана.
Бір өлеңге ғасыр кегін сыйғызған,
Жамбыл аға, бұл заманда сен ғана.
Ленинградты көрсем бүгін таңданам,
Нұрланамын, толғанамын арнап ән.
Жамбыл атам Шоқан ізін жалғады,
Қарт қырандай Алатаудан самғаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу