file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  243


Автор: Кәкімбек Салықов

ҚАЗАҚТЫҢ АСЫЛ ҰЛЫ

(Әбілқас Сағыновқа)
Қазақтың көзін жұмды асыл ұлы,
Жадында жатқан тұнып ғасыр мұңы.
Ұлы ұстаз, заңғар ғалым жүзі сөніп,
Жасыбай толқынындай басылды үні.
Көргенде елдің екі дүр асылын,
Күн қайда қызығып көз бұратұғын?
Эльбрус егіз шыңы сияқтанып,
Әбілқас, Евней бірге тұратұғын.
Қос шыңға қарай-қарай жүрдік шолып,
Екі көз қуанатын күндіз көріп.
Енді олар мәңгіліктен тұрақ тапты,
Аспанда сөнбес екі жұлдыз болып.
Тұрмайды-ау сайын дала сағымданбай,
Тынбайды-ау ажал қолда барыңды алмай.
Аттанды Әбілқас аға бақи жаққа,
Тимур мен жеңешемді сағынғандай.
Байқашы, сыңсып жатқан Нұра қандай,
Сұм тағдыр қатты соқты-ау сынағандай.
Жүз жасқа жеңгем болса жетер еді-ау,
Ол кетті жалғыздыққа шыдай алмай.
Өкініш батып кетпей толғағына,
Қараймын, аға, артта орманыңа.
Көз сүртіп шәкірттерің толғанып тұр,
Тәубе деп тоқсан бірге толғаныңа.
Жан аға, бірі едің ең іріміздің,
Бақылдық – бар тілегі тіріміздің.
Жырға орап әз бейнеңді ұмыттырмас,
Ізіңді суыттырмас ініңізбін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу