Өлеңдер ✍️
ҚАЗАҚТА КІМ БІЛМЕЙДІ ҚҰСТАР ӘНІН?
(Тұманбай Молдағалиевке)
«Мықты ақын нақты жасын айтпас болар», –
Деуші еді Әбділдадай марқасқалар.
Тұманбай, жетпіс деген дәнеме емес,
Серілер сексенде де жап-жас болар.
Тәуелсіз елдер бүгін арасында,
Нұрсұлтан жеткізді ғой сан асуға.
Ол да ертең бұл жетпіске жеткен шақта
Еш қазақ шыға қоймас таласуға.
Тұманбай, сені сүйді Пушкин елі,
Біледі Делидің де ыстық желі.
Қара көз Қара теңіз қыздарының
Сағыныш іштерінде жүз бүктеулі.
Көшемде тойлы жастар көрінгенде,
Әсем саз қаулар жерден, көгімнен де.
Есіне кім түсірмес Тұманбайды
Алматы ақ жаңбыры төгілгенде?
Жеңілтіп бойда жүгін мұң-наланың,
Қоштасу сырын айтар құштар ағын;
Қимастық тұмарындай құс қанатты,
Қазақта кім білмейді «Құстар әнін»?
Балғын жас ерке қыздай сылаңдаған,
Сөз қандай, мұңы нұрлы сыр аңдаған.
Ән қандай, Нұрағамның алтын шағы,
Сұлуға ән арнамай тұра алмаған.
Тұманбай, саған қонса дарқан дарын,
Күлтайдай жебеп жүрді алған жарың.
Ұл-қыздар, немерелер арасында
Қызыққа қансын бойда қалған жалын.
Жалғасар әр сөзіңе тереңдегі үн,
Телегей теңіз дер ем мол еңбегің.
Бар қазақ он төрт томды білмесе де,
Жасасын ән оралған өлеңдерің!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter