Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  102


Автор: Кәкімбек Салықов

ФАЗЫЛ КӘРІБЖАНОВҚА ОДА

Бірінші өлең
«Шын арыс біткен кең жігер,
Үлкеннен үрікпей тең жүрер», –
Деп айтты талай кездескен
Қарағандылық кеншілер.
Еңкейген бүгін кәрі де
Сақтап жүр есте әлі де.
Жезқазған мен Қарсақбай,
Ұлытау, Жезді – бәрі де.
Көп ісің есте көшелі,
Көнтерлі де еселі.
Көмірде жүріп қайратың
Темірдей болды деседі.
Азайтып өзге сөзді де,
Малғандай мұңға көзді де.
Ұмытпас мәңгі сыр шертті
Қаныш аға Жездіде.
Әр сөзі қозғап жүректі,
Тылсымға нұршыл гүл екті.
«Кәрібжанов – нар тұлға», –
Деп көңілді түлетті.
Тойтармас қилы заманы,
Тұлпарсың тозбас бағалы.
Бұқардың жырын жатқа айтқан
Дәстүрің қандай бағалы.
Ақ жүрек мұңлы бабы көп,
Арманың жалғас ақ тілек.
Мағжанның жырын тараттың:
«Сүй, сәулем, сүйші тағы», – деп.
Жайлаған құтты саяңды,
Көп еді досың аяулы.
Інілер өргек болсын деп,
Үлгі еттің батыр Баянды.
Паш еткен қайсар іргекті,
Біздерге талай үн жетті.
Махамбетті дәл сіздей
Ардақтай ешкім білмепті.
Тұманды өрде жарықсың,
Жалтара білмес анықсың.
Сәкен мен Ілияс дегенде,
Жалындай ыстық жаныпсың.
Болғаның сонша табанды,
Шошыттың бодан заманды.
Ерекше сыйлап өтіпсің
Үкілі Ыбырай бабамды.
«Халық жауы» санаған,
Күйігі кетпес күйенің.
Сондықтан да, жан аға,
Басымды саған иемін.
Қазаққа жайдың атыңды,
Әр ісің болды татымды.
Қолдап өттің қаймықпай
Кенесары батырды.
Сондықтан ептеп білеміз,
Көкірекке ғибрат ілеміз.
Ағалардан естісек,
Ініге жалғап жүреміз.
Досым деп мықты санаған,
Данаға сізді балаған,
Естігенім көп еді-ау
Қаныштай заңғар ағадан.
Омбыдан шығып, Қызылжар,
Алатауға жеткен ізің бар.
Аралап бәрін көретін
Алдымда шуақ күзім бар.
Жүректің жазар тотын кім,
Болмаса, шіркін, осы үлгің.
Кең толғанып, күн алда,
Тебіреніп қана отырмын.
Екінші өлең
Еске алсам бүгін ашылып,
Тілектің ойда басы құт.
Фазеке, сізді көп айтты
Атақты Бәйкен Әшімов.
Ол берді зорын бағаның,
Көңілімнің ашты алаңын.
Бір-екі сөз қозғайын,
Айтуынша арыс ағаның:
«Қимылы елге дем берген,
Молайтып астық, кен терген.
Айқасқа шығар кезеңде
Қазақ аз озған, тең келген.
Құдайым қолдап бақ берген,
Дәл басар болды сақ мерген.
Айбатынан ығысты
Кей пасық сырттан тап берген.
Есімін қазақ аялап,
Алғысын айтты бағалап.
Жасады оған зор бөгет
«Мәскеулік достар» талай-ақ.
Шапағат сепкен жаңашыл,
Ұлтжанды өргек дара шың.
Тәшенов оған еріпті
Жат қолдан қорғап даласын.
Ардагер ұлдың бірі еді,
Егесте табан тіреді.
Жасқантты сонда Одақты
Қазақ боп туған жүрегі».
Көңілге мәңгі қонардай,
Сезімге көкірек толардай.
Бәйкен аға сыры көп,
Бір поэма болардай.
Үшінші өлең
Тағдырға солай табындық,
Заманға ескі бағындық.
Жеткізді маған көп ойды
Кенжебаев Сағындық.
Ағаның сыры тереңде,
Алғыс мол сіздей еренге.
Болыпсыз ерен қорғаушы
Жер үшін талас дегенде.
Ащының дәмін татқандай,
Тәуелсіз күнде сақтанбай.
Сағындық аға жан сыры
Тың жайлы роман айтқандай.
Жеткізген толқып ол әрең,
Кер заман, қыспақ көп пәлең.
Соның бәрін сөз етсем,
Өзім де мықты болар ем.
Талдауға салсақ сан істі,
Ел білді сіздей арысты.
Қаһарлы қайсар атыңмен
Досың мен қасың танысты.
Өз айласын дұрыс деп,
Солтүстікті Хрущев
Аламын десе айқастың,
Арланға тарлан бұрыс кеп.
Көрсеттің берік қырыңды,
Көрмеді пәле тынымды.
Ыңғайланды бергендей
Украинаға Қырымды.
Жаман ой оны басқарды,
Саясат құрды астарлы.
Тың жерді тартып алуға
Айбыныңнан жасқанды.
Мінезің жақпай жігерлі,
Мәскеудің бұлты түнерді.
Бетпе-бет айқас жасқантып,
«Жоғарылатып» жіберді.
Алапат сонда түсінді,
Байқады берік күшіңді.
Жоғарғы Кеңес дегенге
Партия жақтан ысырды.
Саясат сол ғой аспаны,
Бодандық сырын ашпады.
Айтқанын екі еткізбес,
Қақпанын құрып тастады.
Басар ең талай насырға,
Тез келді-ау қаза асылға.
Қоштасып қалды бар қазақ
Қырық сегіз ғана жасыңда.
Сәкеннің сыры мол қанша,
Тоқтату қиын толғанса.
Біразын жазып кетермін
Сексенге жасым толғанша.
Төртінші өлең
Көк будақ қырғын қабынып,
Жарылыстар туса қағынып,
Атомдық түсіп сынаққа,
Жүрегің кетті жарылып.
Қызмет кешкен батылсың,
Зор бейнең – бізге асыл шың.
Панфилов саяжайында
Ой салып елге жатырсың.
Аласапыран дес келді,
Мәскеу де бәрін ескерді.
Қарапайымдау жерлеуге
Тәшеновтерден сескенді.
Айта алсақ ашық қиялды,
Бар қазақтан ұялды.
Жарылыстарға жау болған
Есімің ерен сый алды.
Айлаға терең бастарлы,
Бәрі де қалды астарлы.
Көптің бірі етуге
Атомшылар сенен жасқанды.
Ракеталар, бомба будағы...
Жер, су, ауаны былғады.
Қорғаушы болдың сол кезде
Батырдай жалғыз қырдағы.
Жасырып хатың татымды,
Мәскеудің басын қатырды.
Жер бетіндегі жарылысты
Тоқтатқан білем атыңды.
Түсірген елді тозаққа,
Тойтарыс бердің азапқа.
Соғыстан жеңіл түспеді
Атомдық сынақ қазаққа.
Ақ будақ қалды есімде,
Ракеталар көрдім көшін де.
Жасады-ау ойран-топалаң,
Ел-жұртты орап кесірге.
Жайлаған сонда даланы,
Көп көрдік дертті ананы.
Ел көрді талай мешелді,
Мүгедек туған баланы.
Жер бетінде улы былықты,
Тоқтатсаң терең құнықты.
Жер астындағы жарылысқа
Құпия құдық құрыпты.
Шындықтың шетін білгелі,
Аз емес көңіл ілгені.
Өлімің, аға, есімде
Жүректі қаққа тілгені.
Қоштасар зират басында,
Сөз тисе қайсар асылға:
Тәшенов бәрін айтыпты,
Жетердей үні ғасырға.
Сезгендей нешік құрықты,
Бәс етпей қысаң ғұрыпты,
Сіз айтқан тура бағытта
Шаяхметов те тұрыпты.
Бесінші өлең
Тұлғалы тарлан ірісің,
Тұрлаулы өттің жүрісің.
Жан аға, атың өлмейтін
Қазақтың саңлақ бірісің.
Мұң жайылса жырыма,
Болдық қой қанық сырыңа.
Қара қылды бүктегіш,
Қиқарды алдың қырыңа.
Соқтыққандар көп еді,
Соқпақты таптың өрелі.
Атомдық сынаққа сес берсең,
Абылай рухы жебеді.
Болсын деп серік иманы,
Көз жасын достар тыймады.
Қайысқан белі Алатау
Өлімге сені қимады.
Өтінде жүрген дауылдың,
Күтімін таптың жауырдың.
Қала мен дала тең сүйді,
Қорғаны болдың ауылдың.
Аталмай атың қиналып
Жүрсек те іштей сыйладық.
Егемен ел боп дәл бүгін,
Есімізді әрең жинадық.
Қалмаса да қартайып,
Марқайған Кеңес құлады.
Дөңкиіп жүрген алпауыт
Өңкиіп барып сұлады.
Қадамы берік алғашқы,
Елбасы нүкте дәл басты.
Ақмола болып Астана,
Қуантты бүкіл қандасты.
Еңіреп тусаң ел үшін,
Өзегін тапты өрісің.
Іргені берік сақтасақ,
Өзіңе ортақ жеңісім.
Тәбделін тосып тағдырдың,
Тартысты берік заң қылдың.
Тәуелсіз елім есіркеп,
Қайтадан бүгін жаңғырдың.
Пәлекет талай шоқ салды,
Есінеп, елтіп оқталды.
Солженицын мырзаның
Тәбеті үнсіз тоқталды.
Солтүстік жақта бекімек,
Құлқыны тозды шетінеп.
Қолдаушы болған Горбачев
Құрдымға кетті есінеп.
Ініңмін тәнті сипатқа,
Баспаймын жортақ қипаққа.
Көрсеттіңіз зор үлгі
Желтоқсаншыл ұрпаққа.
Келгенде бүгін азат күн,
Алдыңда жүрек тазарттым.
Нар тұлға болдың, Фазеке,
Ойлаған мұңын қазақтың.
Шаш ал десе, басты алған,
Кер заман өтті қастанған.
Тәуелсіз, еркін ел болдық,
Нұрсұлтан інің басқарған.
Ақтармай жүрген сырым көп,
Үзімін айттым ырым деп.
Мақтаныш етсем осылай,
Жайнарсың талай жырым боп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу