Өлеңдер ✍️
ҚҰРДАСҚА
Нұрғожа, қадірменді құрдасымсың,
Сыр шертсем ескі шерім бір басылсын.
Біз туған отыз екінші жыл апат еді-ау,
Аштықтан аман қалған бір ғасырсың.
Жас ұрпақ бұл сұмдықты біле жүрсін,
Ата-ана ақталды ғой тілегі шын.
Қазақтың тең жарымы қырылғанда,
Біреудің есен қалған тірнегісің.
Бала едік соғыс жылдар дірдектеген,
Айтуға кей сұмдықты тіл жетпеген.
Соқамен сиыр жеккен бораздада,
Күндер-ай екі көзден мұң кетпеген.
Сақтады Құдай жоқтан от аларды,
Нар етті өңкей жүдеу боталарды.
Қарашы құрдастарға,
Кім сыйламас
Атақты Шерхан, Камал, Шоталарды?!
Маңайын сыйлағандай Құнанбайдың,
Ежелден досы екенсің Тұманбайдың.
Кіршіксіз сүттей таза араларың,
Мен қалай бұл ғажапқа қуанбаймын!
Жетпіс бес – елу де емес, алпыс та емес,
Тірлікте баға жетпес жарқын белес.
Қызық өтті, алдымда не болар деп,
Құрмайық құтты жаспен салқын кеңес.
Қазанат жүк көтердік аруақ жебеп,
Азамат ізіміз бар мұрат демек.
Сұрайтын Жаратқаннан енді бізге
Көз жұмбай серттен таймас қуат керек.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter