Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
13.06.2022
120
ӨМІРІМНІҢ ӨЗІ ӨЛЕҢ
Жалғызбын ата-анадан,
Балалық өтті жаутаңкөз.
Лүпілін үнсіз санаған,
Жыр болды жүрек айтқан сөз.
Ақындық ерте ерсе де,
Кеншілік төрін жолдапты.
Соғыста елім жеңсе де,
Ауылдың халі ойлантты.
Ауырлау жүктен қашпадым,
Аңғарған адам байқасын.
Нүкісте жүріп бастадым
Аралдың ащы айқасын.
Әлдекім сенбес бір көрген,
Аз емес әлі татарым.
Өлеңнің бәрін мұң берген,
Көрсе де озық қатарым.
Қамы емес қара басымның,
Қам көңіл кейде айтарым.
Менің мұңым – асыл мұң,
Абайлап, досым, байқағын.
Шыққандай ашық алаңға,
Сырымды ұқсаң сезер ең.
Біле де білген адамға,
Мен шеккен өмір – өзі өлең.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter