Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  377


Автор: Кәкімбек Салықов

КҮМБІР-КҮМБІР КҮМБЕЗДЕР БАСЫЛДЫ ҮНІ

(Ақселеу Сейдімбек қазасына)
Қазақтың көзін жұмды асыл ұлы,
Таусылды бұл жалғанға ғашық күні.
Домбыра екі ішегі күрт үзілді,
Күмбездер күмбір қаққан басылды үні.
Бойына табу қиын шақ теңеуді,
Қиратты долы толқын ақ кемемді.
Санасын сансыз өнер кең жайлаған,
Сұм ажал алып кетті Ақселеуді.
Дамылсыз күй тарихын еселеді,
Көсілді кесенелер көшелері.
Салтына ғалым, ұстаз, ел сүйсінсе,
Даңқына бір «Дәурен-ай» жетер еді.
Тым жедел таңсәріде жарылғандай,
Келді екен пәк жүрекке ағын қандай?
Қу тірлік бір қысымы батып кетті-ау,
Жан досы Ғабдолланы сағынғандай.
Қимаймын, өлді деуге жасқанамын,
Нар тұлға есіме алам қас-қабағын.
Шіркін-ай, ойда жоқта ғайып болды
Ең жарқын бір жұлдызы Астананың




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу