file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  160


Автор: Кәкімбек Салықов

ДӘУЛЕТБАЙ БЕРГЕН «ШАЛҚҰЙРЫҚ»

Дәулетбай төл баласы Қалдаманның,
Бірі еді Жақсылықта малды адамның.
Тебінде мыңдап жылқы кісінеткен,
Дәл өзі Алла бақыт арнағанның.
Сенеміз көне тарих көп ілімге,
Толқиды дария тасқын көңілімде.
Әйгілі Абылай ханға пана болған,
Көп сыр бар Дәулетбайдың өмірінде.
Шындыққа Шоқан бабаң іңкәр келген,
Айтыпты тарих сырын ұтар жерден:
Жоңғарға Әбілмансұр аттанарда,
Дәулетбай Шалқұйрықтай тұлпар берген.
Жануар әз бітімін мәлім етем,
Жүрісі құйын-желдей ағын екен.
Алтын жал, алтын құйрық көз қаратпас,
Тұлғасы лаулап тұрған жалын екен.
Төрт тұяқ шаң боратар шабысы бар,
Айқаста әр қимылдың мәнісі бар.
Кеуделеп жаудың атын соғып өтер,
Үйреткен Әбілмансұр әдісі бар.
Жүйткісе тік созылар алға басы,
От тұяқ тепсе тиер жарға тасы.
Малдың да ата-тегі, үйірі бар,
Шалқұйрық – Құлагердің арғы атасы.
Шарышқа от жалындай жанып жетті,
Жасқанған жау көзінен бағыт кетті.
Сол кезде Әбілмансұр көк желкеден
Қалмақтың қауға басын қағып өтті.
Күш те мол, ыза-кек те ашындыртқан,
Жас батыр жалауланды затын ұққан.
Шарыштың басын алған Абылайдың
Үстінде Шалқұйрықтың аты шыққан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу