Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  134


Автор: Кәкімбек Салықов

АЛМАТЫДА СӘБИТТІҢ ЕСКЕРТКІШІ

Алматыда,
Мұқанов көшесінде,
Төле бимен тоғысар төтесінде,
Сұлу мүсін жүзінде жұлдыз жанған
Жарқырап тұр,
Бір көрмей өтесің бе?
Ақ жабудың сәлдесі ашылғанда,
Құрды халық салтанат асыл жанға.
Сәбит аға бейнесі қолаланды,
Сәлем алып барардай ғасырларға.
Бейнелепті дәлме-дәл шын арысты,
Барша қауым қол соғып құп алысты.
Ташкент, Бішкек,
Мәскеулік қонақтар да
Қазақтармен бөлісті қуанышты.
Күй төгілтті оркестр құдіретті,
Алатаудан Есілге дүбір жетті.
Тірі Сәбең
Тұрғандай көз алдыңда,
Қайталанбас бір мезет ғұмыр өтті.
Табиғат пен келбеті ұласқаны,
Ұлылықтың нұсқасын растады.
Көрініп тұр
Көз тастап баршамызға,
Аңқалаңдап бір қызық сыр ашқаны.
Қызғылт мүсін не деген сүйікті еді,
Осы екен ғой Сәбеңді тірілткені.
Асыл досы Алматы жайнай түсті,
Бұрынғыдан Алатау биіктеді.
Сан зиялы сөйлеген назарға алды,
Шағын алаң кең құлаш базарланды.
Мәриям апай жанары бір жарқ етіп,
Сәбеңді алғаш көргендей ажарланды.
Күлім қаққан мүсінге меңзеп көпті,
Қарай қалған дүйім жұрт мезет те өтті.
Сыры терең,
Әр сөзін салмақты етіп,
Алтай атты баласы сөйлеп кетті.
Алғыс айтты жиналған адамдарға,
Елбасына бастаған заманды алға.
– Ұлылығы әкемнің өшпес, – деді, –
Елім барда, тәуелсіз панам барда. –
Орнатылды ғаламат айқын белгі,
Сәбең елді, Сәбеңді халқым көрді.
Әз келбетін бұлжытпай жарқыратқан
Мүсіншіге мың алғыс айтқым келді.
Ұлылыққа аптықпай жеткен кісі,
Теңіз дерсің телегей еккен ісі.
Соның бәрін айғақтап,
Паш етіп тұр
Алматыда Сәбиттің ескерткіші




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу