file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  155


Автор: Кәкімбек Салықов

ОҢБАЙДЫ АҚЫНДЫ АТҚАНДАР

Қыранға оқ жұмсау қатерлі,
Жұмсаған... шын сұмдық әкелді.
Қай мәңгүрт қиды екен ажалға
Адамзат сұңқары Сәкенді?
Аз емес дауылпаз тартқан зар,
Тар кезең, көк тайғақ шатқалдар.
Аққуды атқандар сияқты
Оңбайды ақынды атқандар,
Оңбайды ақынды сатқандар!
Қарақшы қалт етпес, сақ па екен,
Қамығып қалды ғой шат мекен.
Қазақтың құлагер ақыны
Ілиясты қай сотқар атты екен?
Мерт болды тым оза шапқандар,
Тез сөнді шамшырақ жаққандар.
Тұлпарды соққыға жыққандай,
Оңбайды ақынды атқандар,
Оңбайды ақынды сатқандар!
Сұм тағдыр сұқ көзі қадалды,
Тағы бір өр қазақ қамалды.
Қай сатқын атты екен Мағжандай
Жондағы жолбарыс-адамды?
Ел үшін, жер үшін сақтаңдар,
Ақынға жаман ат тақпаңдар.
Тұраның, ұраның сол еді,
Оңбайды ақынды атқандар,
Оңбайды ақынды сатқандар!
Ақтарсам көкіректе бар дертті,
Дербестік дабылы дәл жетті.
Көгілдір туымнан көріңдер
Міржақып, Жүсіпбек, Ахметті.
Ауылдың иті боп қапқандар,
Сендерден тарқады тартқан зар.
Дүлдүлге өшіккен дүлейдей,
Оңбайды ақынды атқандар,
Оңбайды ақынды сатқандар!
Оңбайды ақынды атқандар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу