file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  310


Автор: Кәкімбек Салықов

ЖЕҢІС КҮНІ

Жеңіс күні көрмедім тайсалғанды,
Алақайлап жуас та қайсарланды.
Кедір-бұдыр сөйлейтін бригадир де
Кешегіден біртүрлі байсалданды.
Бұрылмайтын аса көп сәлемдесіп,
Басқарма да жұмсарды әлемдесіп.
Қарттар да оған кешірді төрт жылдағы
Жүрген ісін сыртынан «пәлен...» десіп.
Тек бір шалда өзгеше жария бар,
Сақал-мұрты тоғайдай қар ұялар.
Үш ұлының оққа ұшқан қасіретінен
Көкірегінде көлкіген дария бар.
Анамда да бар менің біраз күдік,
Қуанышта реніш тұрар бүгіп.
«Қара қағаз» дегенге төрт қарады,
Той жасады жасырын жылап жүріп.
Сол қағазға бар сырын айтып қана,
Сандығына салмады қайтып қана.
Қамзолының жүрді жан қалтасында,
Бар жиһаздан үйдегі артықтана.
Жанға батқан елемей жара-дертті,
Үлгі болды бұзбауға ана сертті:
Көз жұмарда ақырғы тілегі еді,
Сол қағазды өзімен ала кетті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу