Өлеңдер ✍️
ШӨЛІРКЕУ
Қыз отыр терезеден баққа қарап,
Аулада ала төбет жатты абалап.
Жас жігіт желе жортып жақындады,
Астында аласатып ақтабан ат.
Қыз шығып қуған шақта қабағанды,
Қақпаға қызыл әтеш қона қалды.
Көңілі раушандай гүл-гүл жайнап,
Қуаныш қыз жүрегін орап алды.
Шөл қысып жас жігіт тұр көні кепкен,
Ақкөбік аты да асау, тағы неткен.
Жігітке құмырамен су апарып,
Қыз келіп анасына мәлім еткен:
— Апатай, құлағыңды түрші маған,
Салт жігіт сырттан келіп су сұраған.
Сұп-суық бұлақ суын беріп едім,
Ішпеді, Бұл не қылған қырсық адам?
— Қақпаңа қаңсып келген қонақ үшін
Құмыра қолтықтайтын баламысың?
Суыңды өліп кетсе ішпейді ол,
Сен оған мүйіз толы шарап ұсын, —
Анасы ақыл айтып, сәл жекінді,
Ал қызы қобалжыған халде тұрды:
— Күн сайын кеп жүр ғой ол қақпамызға
Айтамын әкем көрсе қай бетімді?
— Қырындап маған бір кез сән құраған,
Қартайып қазір әкең қалжыраған.
Өзінің қалай-қалай шөлдегенін
Ол бірақ ұмытардай алжымаған.
Қақпама баяғыда ол да келіп,
Қаталап тұратұғын шөлден өліп.
Шіркін-ай, сол шөл неткен тамаша еді?!
Эх, біз де,
Біз де жас боп көрген едік!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter