Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
12.06.2022
211
ТҮЛКІБАСТАҒЫ ТОЙ
Шаң ілеспес
шалқұйрығың әлі тың,
шалқы,
шайыр,
ширықсын бір шабытың!
шоққа лақтыр
шабан тірлік қамытын,
шабылған жоқ әлі ағаш ат — табытың...
Жаяу жырау
жыр төгіп те жарытпас,
жортып жет те,
іл көкпарды!
алып қаш!
қаның ойнап,
қазақтығың оянсын,
асау желмен аймаласып, мауық бас!
Қаз мойынды ән ғой мынау — ат емес,
күй десең де,
би десең де қате емес,
жел жетпейтін жүйріктігін айтсаңшы,
найзағаймен,
нұрмен ғана тетелес!
Ойын-тойға,
қыз қууға қырат кең,
ойхой, досым,
ойқастап бір шық атпен,
құрттай қыздың
қылымсуын қарашы,
қылмыңдатпай ұрып жықшы тымақпен!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter