Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  122


Автор: Ұлықбек Есдәулет

АЛМАТЫ. ӨРТЕНГЕН АЭРОПОРТ

Өртеніп жатыр әуежай!..
Жалынның тілі жалақтап,
Үрейің ұшар қарадай
Үңілсең көктен қарақтап.
Зеңбірек оты зақымдап
Зобалаң тиген қамалдай,
Аэропорт жатыр лапылдап,
Аспанда жүрміз қона алмай.
Қорығы қозға шарпылып,
Қанаты күйген құр құсап,
Қорегі жұтап, сарқылып,
Қона алмай көкте жүрді ұшақ.
Барар жер,
Басар тау қалмай,
Басылып небір өр кеуде,
Шаңырағы шомнан ауғандай,
Шарасыз болдық шерменде...
Тасөкпе жылың санаулы,
Таспихтың тасы тәрізді,
Талқыға ап тағдыр қарайды,
Табаның басқан әр ізді.
Тобасыз тірлік тапсынып,
Торыққан тағдыр — кәрі ана,
Қолымнан енді қапсырып
Құрдымға сүйреп бара ма?
Өртеніп жатыр әуежай
Аспанда жүрміз қона алмай,
Қимайтын сонша алаңдай,
Нем қалып еді, ой, алла-ай?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу