Өлеңдер ✍️
Дес бермей дүрсін дауылға кілең...
Дес бермей дүрсін дауылға кілең,
Жаңылмай келем сабырдан.
Түсімде ылғи ауылда жүрем,
Ауыл да мені сағынған.
Алғабас, бейқам әр таңың есте,
Көңілдің жайнар бағы тез.
Аңсап жүр бүгін борпаңын кешкен
Жырқұмар балаң қағылез.
Шежірең сенің – бас алмас аңыз,
Анамның сіңген сүтінен.
Күз келсе болды, жас алмасамыз
Күйбең дейтұғын күпімен...
Мені аңсап жылда бұрқырап тұр ма,
Ақша көлімнің қоғасы?
Үлкен отаудың сарқырап тұр ма
Өткел бермейтін сағасы?
Кеудемде жүрмін тың әнді үкілеп,
Парызым әлі өтелмей.
Ата-анам жатыр дұғамды тілеп,
Бізден не қайран десердей...
Тағдырдан енді сый күтпе мұңды,
Шер бар ма кеудең жұтпаған?
Соңыра шабар жүйріктер сынды,
Жауырыныңдағы жүкті алам.
Жазғыра көрме сағынбай жүр деп,
Жидең мен тұтың кеш гүлдер.
Алдымда әлі таңым бар күлмек,
Қорқып жүргем жоқ ешкімнен.
Ұсақтық күтпе, жеткенмін толып,
Тұла бойымда – тұлпар-дем.
Барамын аңсап көктемің болып
Қабағымдағы бұлттармен...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter