Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  100


Автор: Жәлел Қуандықұлы

Қойнынан көктем із кетпес...

Қойнынан көктем із кетпес,
Қиырсыз сапар – аңсарым.
Басталған өмір іспеттес
Сібірлеп атқан әр таңым.
Таңғы шақ көңіл бұзбайды,
Өмірді сүйер кім мендей?
Түс ауса жаным сыздайды,
Жастығым суға сіңгендей.
Түнекке жарық таланып,
Ұйқыға кетсе ел есі.
Жүректен жауап аламын,
Арымды қылып төреші.
Түсімде жырдың нәріне,
Ұйытып бәрін жай табам.
Оянғанымда сәріде,
Өмірге келем қайтадан.
Құдайға ғана тән өнер –
Жан беріп, оны алу да.
Сәулеге жаның бөленер
Ақиқатты танудан.
Тірліктен енді түңілмен,
Көзсіздік көркем тұғыр ма?
Миллион өліп-тірілген
Шүкірлік етем ғұмырға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу