Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
10.06.2022
124
ТОҒЫЗЫНШЫ ҚАБАТ
Іздемеп ем тоғызыншы қабатты,
Көтеріліп-түсіп жүрмін, тым биік.
Сол биікте тағы да бір таң атты,
Парағымның бос тұрғаны – шын күйік.
Түсіне алман биіктікті өзгеше,
О, Жаратқан, сабырыма тіреу бер!
Кейбіреулер биік мансап көздесе,
«Байлық» дейді биіктікті біреулер.
Ондай биік армандаған емеспін,
Бұл сырымды Ием ғана біледі.
Қиянменен қиялымда кеңестім,
Өйткені ойым биікте өмір сүреді.
Жаным менің – сол биіктік тұғыры,
Төмендеуге хақым да жоқ себебі.
Өлеңімнің ұзақ болса ғұмыры –
Өмірімнің босқа өтпеді дегені.
Шайыр отыр қарай алмай шарапқа,
Күлтөбеде күнде болып кіл кеңес.
Тұрсаң-дағы тоқсаныншы қабатта,
Арың биік болмаса егер, түк емес...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter